Түркістан облысының Арыс қаласында француздық Alstom компаниясының электровоздарға арналған жаңа сервистік депосының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Жоба Арыс қаласының маңызды теміржол торабы ретіндегі стратегиялық әлеуетін арттырып, өңірдегі көлік-логистика саласының дамуына серпін бермек.
Осыған байланысты нысан құрылысының барысымен таныстыру мақсатында мүдделі тараптар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған арнайы сапар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Сильван Гиоге, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, сондай-ақ Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы мен салалық мекемелердің өкілдері қатысты.
– Бұл жоба Арыс қаласының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің жаңа даму кезеңіне жол ашатын маңызды бастама. Халықаралық серіктестермен бірлескен мұндай жобалар қала экономикасын әртараптандырудың нақты көрінісі. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, жас мамандардың кәсіби дамуына мүмкіндік туады, – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.
Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге де жобаның екі ел арасындағы серіктестікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Арыс қаласындағы бұл сервистік депо екі ел арасындағы сенім мен ұзақ мерзімді әріптестіктің нақты көрінісі болып табылады. Мұндай жобалар экономикаға ғана емес, өңірлік дамуға да үлкен серпін береді, – деді елші.
Сапар барысында жобаның жүзеге асырылуын айқындайтын ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды.
Жаңа нысан Alstom компаниясы мен Қазақстан Үкіметі арасындағы инвестициялық келісім аясында салынып жатыр. Арыс қаласындағы депо еліміз бойынша іске асырылатын төрт сервистік орталықтың бірі болады.
Жоба пайдалануға берілгеннен кейін мұнда электровоздарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кәсіпорын ай сайын 120 локомотив секциясына дейін, жылына 1440 секцияға қызмет көрсете алады.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба локомотивтердің техникалық дайындығын арттырып, ішкі және халықаралық бағыттардағы теміржол тасымалының тиімділігі мен сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Арыс қаласының Орта дәліз бойындағы стратегиялық орналасуы жаңа депоның өңірлік сервистік хаб ретіндегі маңызын арттыра түседі.
Жоба аясында өңірлік қызмет көрсету орталықтарын дамытуға бағытталған 50 миллион еуро көлеміндегі инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда.
– Бағдарлама нәтижесінде республика бойынша 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деп хабарлады ұйымдастырушылар.