Астана қаласының әкімдігі тыл еңбеккері Теңдік Изақовтан кешірім сұрап, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамырда шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұрады.
Іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылды. Орын санының шектелуін, сондай-ақ ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша ғана әзірленді. Бұл ретте шеруге еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысты. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түскен жоқ, – деп түсіндірді ведомстводан.
Астана әкімдігі Теңдік Изақовқа және оның жақындарына туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрады.
Теңдік Изақов 9 мамырда гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырылды.