Семей қаласында жаңадан қолға алынған құрылыс орнынан адам сүйектерінің қалдықтары анықталды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерде бұрыннан зират болған болуы мүмкін. Алайда жауапты мекеме өкілдері жер телімін рәсімдеу барысында қандай да бір тыйымдар немесе шектеулер тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Almaty.tv жазды.
Семейдегі бұрынғы «Пищевик» стадионының аумағына заманауи Жекпе-жек сарайын салу жоспарланған еді. Алайда құрылыс жұмыстары кезінде жер қазу барысында топырақ арасынан адам сүйектері табылған. Осыдан кейін жұмысшылар құрылыс процесін тоқтатып, тиісті органдарға хабарлаған. Оқиға орнына келген мамандар алдын ала болжам бойынша табылған қалдықтардың көне дәуірге жатуы мүмкін екенін айтты.
Абай облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мереке Мырамытовтың сөзінше, табылған сүйектер арнайы зерттеуден өтеді.
«Құрылыс жұмыстары барысында жұмысшылар адам сүйектерін кездестірді. Алғашқы анықтамалар бойынша олардың көне кезеңге тиесілі болуы ықтимал. Бұдан әрі барлық жұмыс қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жер телімін өзгерту немесе нысанның орнын қайта қарау мәселесі шешілуі мүмкін. Нақты шешім сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады», – деді ол.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында адам сүйектерінің бірнеше қалдығы байқалады. Олардың бір ғана адамға емес, бірнеше адамның сүйегіне тиесілі болуы мүмкін деген болжам бар. Дегенмен бұл аумақта бұрын зират болғаны туралы нақты дәлелдер әзірге жоқ. Осы жағдайға байланысты полиция тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Қалалық Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Саят Сартовтың айтуынша, табылған сүйек қалдықтары олардың шығу тарихы мен жерленген мерзімін анықтау үшін сараптамаға жолданған.
«Анықталған сүйек қалдықтары арнайы зерттеу жүргізу үшін сарапшыларға жіберілді. Полиция мұндай жағдайға куә болған азаматтарды бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға және мамандар келгенге дейін табылған заттарға өздігінен тиіспеуге шақырады», – деді Саят Сартов.
Сараптама нәтижелері дайын болғанша құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Адам қалдықтарына қатысты барлық зерттеу аяқталғаннан кейін ғана Жекпе-жек сарайының осы аумақта салынатыны немесе басқа жерге ауыстырылатыны туралы нақты шешім қабылданады.