Ақтаудағы жекеменшік мектепте тазалықшының су толы шелегін теуіп, оны қорлаған әйел сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Маңғыстау облысы соттарының мәліметіне сүйеніп.
Оқиға биыл қазан айында Ақтау қаласының 31Б шағынауданындағы «Тұлпар» мектеп-лицейінде болған. Сот анықтағандай, әйел екінші қабатта еден жуып жүрген қызметкердің шелегін әдейі теуіп, аударып жіберген. Кейін тазалықшыны қорлаған.
Сот отырысында әйел шелекті ашу үстінде тепкенін мойындағанымен, балағат сөз айтпағанын жеткізген. Алайда оның әрекеті жәбірленушінің арызымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және бейнебақылау камерасының жазбасымен дәлелденген.
Сот әйелді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Судья оның кінәсін мойындағанын және асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл тағайындады. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, аталған әйел мектеп директорының жұбайы екені хабарланған. Ол оқу орнында факультатив сабақтарын өткізген. Жанжалдан кейін педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан босатылған.