«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы жақын арада ауысады. Бұл туралы Премьер-министр әрі қордың Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz қордың ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысының айтуынша, қор басшылығына қатысты соңғы оқиғалардан кейін корпоративтік басқару мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары күшейтіледі.
«Жақын арада "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі», – деді Бектенов.
Премьер-министр қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестері, әсіресе аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің жұмысы күшейтілетінін айтты. Сондай-ақ ішкі бақылау жүйесі қайта қаралып, басшылардың жеке жауапкершілігі мен қабылданатын шешімдердің ашықтығына ерекше назар аударылады. Олжас Бектеновтің сөзінше, қор құрамындағы барлық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Инвестициялық жобалар тоқтатылмайды, ал қаржылық міндеттемелер толық орындалады.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.