Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жұмысына тарту туралы ұсынысына пікір білдірді. Кремль өкілі мұндай бастаманы орынды деп санайтынын жеткізді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Песковтың айтуынша, Ресей аумағында тарихи тамыры түркі халықтарымен байланысты көптеген ұлттар мен этностар тұрады. Сондықтан Мәскеудің Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына қатысуы қисынды болар еді.
«Ресейде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтарына жататын бірқатар ұлттар мен аймақтар бар. Сондықтан Ресейдің мұндай ұйымның жұмысына қатысуы түсінікті, орынды әрі дұрыс болар еді», – деді Кремль өкілі.
Алайда Песков Ресейдің ұйымға қосылуы жөнінде әзірге нақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын растаған жоқ. Оның сөзінше, Мәскеуге ресми шақырту түспеген.
«Менің түсінуімше, әзірге қандай да бір ресми шақырту болған жоқ. Дегенмен бұл тақырып біздің байланыстарымыздың, соның ішінде Астанадағы достарымызбен кездесулердің күн тәртібіне енуі әбден мүмкін», – деді ол.
Осылайша, Кремль Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына қатысу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Дегенмен елдің ұйымға қосылуына қатысты әзірге ресми шешім қабылданған жоқ.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан мүше. Ұйым түркітілдес мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.