$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65

«BEST IN AQTÓBE»: Ақтөбеде кімдер үздік атанды?

Редактор
02.11.2026, 21:41
Ақтөбе
Ақтөбе
«BEST IN AQTÓBE» жобасының алғашқы маусымы жастардың белсенділігін арттыруға арналды

Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткізілген «BEST IN AQTÓBE» рейтингтік жобасының І маусымының қорытынды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Аталған жоба Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынып, қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасынан үздіктерді анықтауға, колледждердегі жастар ісі жөніндегі комитеттердің жұмысын жандандыруға және білім беру ұйымдары арасында салауатты бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Жобаның басты мақсаты – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, олардың бастамаларына қолдау көрсету, шығармашылық әлеуетін дамыту және колледждер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.

Жоба аясында әр айға арнайы бағыттар мен тақырыптар белгіленіп, қатысушы колледждер сол бағыттар бойынша түрлі іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда:Қараша – қайырымдылық айы; Желтоқсан – рух пен патриотизм айы; Қаңтар – жаңару мен идеялар айы; Ақпан – достық пен ынтымақ айы; Наурыз – мәдениет пен дәстүр айы; Сәуір – «Эко ай: Таза қала, таза сана»; Мамыр – жетістіктерді қорытындылау және үздіктерді анықтау айы.


Жоба барысында колледждердің атқарған жұмыстары, қоғамдық белсенділігі, іс-шараларды ұйымдастыру деңгейі, тың бастамалары мен жастарды ортақ іске жұмылдыру қабілеті бағаланды. Әр бағыт бойынша арнайы балдық жүйе енгізіліп, қорытынды рейтинг жинақталған ұпайлар негізінде анықталды. Бір маусымның өзінде «BEST IN AQTÓBE» жобасы аясында колледждер 300-ден астам іс-шара ұйымдастырды. Бұл көрсеткіш білім беру ұйымдарының қоғамдық жұмысқа белсенді араласқанын, жастардың бастамашылдығы мен шығармашылық әлеуетінің артқанын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар жоба үздік тәжірибелерді көпшілікке танытуға, колледждер арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға және жастардың қоғамдық өмірге қатысуын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Жоба қорытындысы бойынша белсенділік танытып, жастар бастамаларын дамытуға қосқан үлесі мен қоғамдық жұмыстардағы жетістіктері үшін бірқатар білім беру ұйымдары марапатталды.

Атап айтқанда: Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі; Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі; Ақтөбе жоғары мультипрофильдік колледжі; «ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі».

Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталды. «Үздік ұйымшыл команда» номинациясының иегері – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі, «Үздік медиа»номинациясының иегері – ДҮНИЕ колледжі. «BEST IN AQTÓBE» рейтингтік жобасының үздік бестігіне енген білім беру ұйымдары арасында: «Үздік жоба»номинациясы – Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі; «Үздік белсенді орта»номинациясы – Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі.

Жеке номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды. «Үздік студент» номинациясының иегері – Ақтөбе автожол колледжінің студенті Абдрахман Исламбек Темірбекұлы, «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы» номинациясының иегері – Ақтөбе сервис колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Бекмұхамбетова Ботакөз Сағынғанқызы.

Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткен «BEST IN AQTÓBE» рейтингтік жобасының І маусымындағы ең жоғары марапат – «Үздік колледж» номинациясы Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжіне табысталды. Осылайша, колледж жоба маусымының жеңімпазы атанды.

«BEST IN AQTÓBE» жобасының алғашқы маусымы жастардың белсенділігін арттыруға, білім беру ұйымдарының қоғамдық жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге және колледждер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды бастама екенін көрсетті.

Алдағы уақытта жоба өз жалғасын тауып, жаңа идеялармен, тың бастамалармен және жарқын жетістіктермен толыға түспек.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау