Бокстан Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Саят Ілиясов Қазақстан азаматтығын ала алмай, ел біріншілігіне қатысу мүмкіндігінен қағылды. Бұл туралы Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, Өзбекстанда дүниеге келген қандасымыз жыл басында Қазақстанға қоныс аударған. Алайда арада 8-9 ай өтсе де, құжат рәсімдеу мәселесіне байланысты азаматтық ала алмай келеді.
Салдарынан спортшы дәл қазір өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына қатыса алмаған. Аслан Қаженовтің пікірінше, бұл жағдай оның спорттық әлеуетін бағалауға да кедергі келтіріп отыр. Әсіресе, 65 келі салмақ дәрежесі Қазақстан құрамасы үшін маңызды бағыттардың бірі саналады.
«Көк туды Олимпиадада көтергім келеді» деген Саят Ілиясов болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Осыған орай Аслан Қаженов жауапты азаматтарды спортшының құжат мәселесін жедел шешуге көмектесуге шақырды.
Айта кетейік, бұл жағдайға қатысты ресми органдардың түсініктемесі әзірге жарияланған жоқ.