«Қазгидромет» РМК мамандары 2026 жылғы 3-5 қараша аралығында Қазақстанда ауа райы қандай болатынын жариялады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, антициклонның әсерінен еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда кейбір өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
«4-5 қарашада солтүстік-батыс циклонының жақындауына байланысты еліміздің батысында жаңбыр жауады. Кей жерлерде нөсер жаңбыр күтіледі. Ал 3 қарашада атмосфералық фронттардың әсерінен шығыста жауын-шашын, кей уақытта қатты жауын-шашын (негізінен қар түрінде) және көктайғақ құбылыстары болжанады. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңғы уақытта тұман түседі», – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Ауа температурасына келсек, батыс өңірлерде күндізгі температура +13...+21 градустан +6...+19 градусқа дейін төмендейді.
Оңтүстік-шығыста ауа температурасы +13...+18 градустан +10...+15 градусқа дейін төмендейді. Ал еліміздің қалған аймақтарында температуралық көрсеткіштер айтарлықтай өзгермейді.