Қостанай облысы Қарабалық ауданының прокуратурасы Новотроицк ауылдық округі әкімі аппаратының бухгалтері бюджет қаражатын 9,8 млн теңге көлемінде ұрлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру барысында 4 жыл ішінде өзіне артық соманы есептеген бухгалтердің төленген және нақты төлену керек жалақысы арасындағы айырмашылық анықталған.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша, атап айтқанда ірі мөлшерде ұрлауды сотқа дейінгі тергеп- тексеруді бастады. Баптың санкциясы 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Қосымша жаза ретінде мүлікті тәркілеу, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен алты жылға дейін айналысу құқығынан айыру қарастырылған, – делінген хабарламада.
Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.