Астанада пранк жасаған блогерлер қамауға алынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында блогердің екі серіктесімен бірге «хайп» үшін көпқабатты тұрғын үйдің лифтіне жалған мәйітті қойған сәті түсірілген бейнероликті анықтады.
Екінші видеода бір адам лифтіге жүгіріп кіреді, екіншісі жараланған кейіп танытады, ал үшіншісі қолына балта ұстаған. Олардың әрекеттері лифтіге кірген азаматтарды қатты шошытып, күйзеліске түсуіне себеп болған. Мұндай «әзілдер» – моральға жат әрі қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер. Олар қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Барлық қатысушы анықталып, ұсталды және жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Сот шешімімен бастамашы 30 тәулікке қамалса, қалған екеуіне 15 тәуліктік әкімшілік қамау тағайындалды.
Еске сала кетсек, бұған дейін тіс емханасының жарнамасын жасамақ болған блогер сынға ұшырағанын хабарлаған болатынбыз.