Шымкентте оқушыны алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, полиция департаментінің киберпол қызметкерлері Anti-fraud іс-шарасы аясында интернет-алаяқтық жасаған ер адамды ұстаған.
Күдікті Free Fire мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатамын деп өзгенің 2 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген. 6-сынып оқушысы ұсынысқа қызығып, күдіктінің нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған, – делінген хабарламада.
Шотында ақшаның жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды.
Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес береді. Бөгде адамдарға банк деректерін ешқашан хабарламау керектігін әрдайым еске салып жүрген абзал.