Қоғам

«Қорланып жыладым»: блогерлердің көше тазалаушыларды кемсіткен видеосы қызу талқыға түсті

17:12, 18 маусым 2025 25

Әлеуметтік желіде жас жұбайлардың көше тазалап жүрген әйелдерге дөрекілік көрсеткені түсірілген видео тарады. Өздерін блогер деп таныстырған олар көше сыпырушы әйелдерге жекіп барып, соңынан, пранк деп ақталып, 5000 теңге берген. Алайда көпшілік бұл әрекетті «көңілді әзіл емес, қорлау» деп бағалаған, деп жазады bairaqmedia.kz.

Бейнежазбадан жүкті әйел мен жас жігіттің көше тазалап жүрген әйелдерге дауыс көтеріп, киімін «ластап тастадыңдар» деп айыптап, қоқыс лақтырған сәті көрінеді. Тазалықшы әйелдердің бірі блогерлердің сөздерінен кейін жылап жібереді. Оған әріптесі араша түсіп, «Сендердің аналарың жоқ па өзі?», дейді. Алайда ер жігіт керісінше, «біз ақша төлейміз, сондықтан осындай істерге шыдасын» деп, тіпті тағы да қоқыс лақтырған. Видео соңында бір жас қыз келіп, бұл «әзіл» екенін айтып, көше тазалаушыларға 5000 теңгеден «сыйлық» береді.

Видео TikTok және Instagram желілерінде 900 мыңнан астам қаралым жинады. Алайда көпшілік ондағы әрекетті айыптап, пікірлерде ашық сын айтып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары видео авторларын қоғам алдында кешірім сұрауға және заң алдында жауап беруге шақырды:

«Бұл пранк емес, нағыз моральдық қысым!», «Жылаған адамнан кейін 5 мың теңге ұстатып, бәрі жақсы дегені — ең сорақы әрекет қой!», «Хайп үшін кісі өлтіруге дейін баруға дайын сияқты...» - дейді жұрт.

Қолданушылардың көбі бұл видеоны егде жастағы әйелдерді қорлау ретінде бағалап, блогерлерге заңды шара қолдануды талап етуде.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз