Аймақ

Түркістан қаласында ауқымды дәстүрлі өнер фестивалі өтті

20:08, 18 маусым 2025 14

Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған «Дәстүрін дәріптеген Әз - Түркістан» атты әнші, жыршы-термешілер мен күйшілердің өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Іс-шара Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» Заңының аясында және Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Фестивальдің басты мақсаты – Түркістан қаласының тарихи, мәдени, рухани келбетін таныту, өңірден шыққан өнер иелері мен елге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармашылығын насихаттау, халықтар достығы мен саяси тұрақтылықты дәріптеу, сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының бейнесін жырға қосып, жас ұрпақты ұлттық тәрбие мен рухани мұраға баулу.


Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы бірқатар мәлімет беріп,  өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Фестивальге Қазақстанның халық әртістері мен дәстүрлі өнердің дарабоз өкілдері қатысты. Олардың қатарында дәстүрлі ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазы мен Айгүл Қосанова, жыршылық өнердің өкілдері Жакен Омаров, Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Аязбек Рустамов және Руслан Ахынбеков, сондай-ақ терме мен ән жанрын шебер меңгерген Оразәлі Жаңабай, Мұхамедәлі Бекпейісов, Әлімжан Серікбаев сынды өнерпаздар бар.

Сонымен қатар, күй өнерінің өкілдері — дәулескер күйшілер Шыңғыс Исаев пен Жандос Кулумбетов өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл рухани шара көрермендерге терең әсер қалдырып, ұлттық өнерге деген құрметті арттырды. Түркістан төрінде өткен бұл өнер мерекесі — халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды әрі тағдырлы басқосу болды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз