Қоғам

Маңғыстау әкімінен некесіз баласы барын айтқан келіншек Президенттен көмек сұрады

15:41, 18 маусым 2025 25

Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Ынташ Наурызова шулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Экс-депутат өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан некесіз ұлы барын айтып, Президенттен көмек сұрады. Оның айтуынша, баласына туған әкесінің тегі мен әкелік міндетін атқаруын сұрағаны үшін белгісіз адамдар қысым көрсете бастаған.

Наурызованың сөзіне сенсек, ол үш жыл бұрын қазіргі аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдан ұлды болған. Алайда, облыс басшысы баланы мойындаудан бас тартып қана қоймай, әйелге түрлі жолдармен қысым жасаған.

Ұлымның әкесі – Маңғыстау облысының әкімі Қилыбай Нұрдаулет Игілікұлынан мені қорғауыңызды сұраймын. Қилыбай Нұрдаулет мені қорқытып-үркітіп, артыма адам салып, үстімнен түрлі ойындар ұйымдастырып арыз жазып қорқытып жатыр. Тыныштығымды алып жатыр. Толығырақ кейін айтамын. Себебі артымнан полицияның өкілдері, одан қалса белгісіз рэкеттер аңдып тұр. Сондықтан да барынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа менің өтінішімді жеткізуіңізді сұраймын, – дейді экс-депутат өзінің бейнежолдауында.

Бейнежазбадан кейін қоғамда қызу талқылау басталды. Бұған дейін Наурызова әлеуметтік желілерде (әсіресе Facebook пен TikTok-та) осы мәселеге қатысты бірнеше мәрте үн қатқан. Алайда, бүгін белгісіз себеппен парақшаларын жауып тастаған.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарына жазылған шағымдары жауапсыз қалған. Ал, жуырда оның өзіне қарсы арыз жазылыпты. Полицияға түскен арыз әкім аппаратының басшысы Мәлік Әбдіқадыровтың атынан жазылған көрінеді.

Бұл ақпаратты Маңғыстау облысының полиция департаменті де растады. Orda.kz порталына жолданған ресми жауапта экс-депутатқа Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша тергеу басталғаны және іс сотқа жолданғаны айтылған.

Ал, әкім Қилыбай бұл дауға қатысты алғаш рет 2024 жылдың желтоқсанында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде пікір білдіріп, жауап берген.

Жылтырағанның бәрі алтын емес. Әлеуметтік желіде жазылғанның бәрі шындық емес. Оның ішінде сіз келтірген ақпарат та бар. Кейбірін мойындаймын, бірақ көбіне үзілді-кесілді келіспеймін, – деді әкім өз сөзінде.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз