“Қалаулым” арқылы танылған блогер Зарина Сапар экс-жолдасына қатысты шындықты айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Айтарым бар” подкастына сілтеме жасап хабарлайды.
Зарина Сапардың бұрынғы күйеуі, журналист, медиа маманы – Айдос Игіліков.
"Қалаулымда" өзімнің қасымда отырған қатысушы алып қашты. Айдос Игіліков. Редакция да сенбейді, қатысушылар да сенбейді. Өзіміз үшін де сенгісіз дүние. Біз мүлдем жұп болып жүрген емеспіз. Тіпті флирт болған емес. Айдостың мені сырттай ұнататынын білетінмін. Себебі мен ауылға да барам, түзге де барам деп тұрған, кішкентай, қазақы қыз едім. Содан ол мені түзеп алуға болатын қыз деп ойлады. Ол алып қашқанда бәрінің "жарасасыңдар" деген сөзіне сеніп, ұят болады деп қалдым. Бірақ неге екенін білмеймін, мен барғанда да, жолда да ұйықтап жаттым. Бір нәрсе ішкізіп ұйықтатуы да мүмкін бе деген күдік туады. Келін болып түскенде барған жерім адал келді ме деп төсегімді тексерді", – дейді ол.
Сөзінше, шаңырақ көтергеннен кейін, екі аптаға жетпей күйеуі қол көтерген.
“Басында бәрі тамаша болды. Ең алғаш көңілім қалған сәт – өзімнің ақшамды анама жібергенім үшін әңгіме айтты. Ол Айдоспен үйленгенге дейін тапқан ақшам. Сол кезде ұрсып, боқтады. Естен танып, жерге құлағанша ұрды. Із қалмайтын, адам көрмейтін жерлерден ұратын. Бұл – жоспарлы түрде қол көтеру. Қылқындырып жерден көтеріп алған кезі болды. Үйіме қоңырау соқпасын деп телефонымды сындырып тастайды. Қол көтеру үйленгеннен кейін екі жарым аптадан соң басталды. Ал екі күн бұрын аяғым ауыр, ішіме отырып алып басымды екі жаққа ұрды. Өзі біледі, еркек болса мойындайтын шығар", – деп жан сырын ақтарды блогер.