Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның есебін талқылау кезінде бірқатар өткір мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры арқылы ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр, алайда бұл жобалар Үкімет есебіне енбей, бюджеттен тыс қалып отыр. Салдарынан елде «екі бөлек экономика» қалыптасып жатыр: біреуі – Парламент бекітетін бюджет аясындағы экономика, екіншісі – ашық есепсіз шешімдермен жүріп жатқан көлеңкелі механизмдер.
Перуашев «Ақжол» фракциясының бастамасымен Бюджет кодексіне квазимемлекеттік кәсіпорындардың барлық табысын республикалық бюджетке бағыттау жөнінде ұсыныс енгізілгенін еске салды. Алайда қабылданған нормаға сәйкес, «Самұрық-Қазына» қоры өз жүйе құраушы компанияларынан түскен кірістің тек 50%-ын ғана өзі анықтаған бағыттар бойынша пайдалана алады.
Қордың қаржылық кірістері, есепшоттар бойынша банк пайыздары, валюта бағамының айырмашылығынан түсетін кірістер сияқты басқа табыстарының бәрі мемлекет бюджетін айналып өтіп кетіп жатыр. Есепті кезеңде бұл кірістердің жалпы сомасы 1 трлн 250 млрд теңгеден асып кеткен. Яғни осыншама сома есепке алынбаған және мемлекет бюджетіне бағытталмаған. Сөйте тұра қордың біз көзден сатып алу үлесі 56 пайыздан 60 пайызға дейін артып, 2 трлн 200 млн теңге болған. Осылайша ашықтық пен бәсекелестіктің бүкіл талаптары бұзылып отыр. Мысалы, KEGOK акционерлік қоғамы қондырғыларды нарықтағы бағасынан 3 есе қымбатқа сатып алған, — деді депутат.
Сонымен бірге, қордың сатып алуларының ашықтығына қатысты сын айтылды. KEGOK компаниясының жабдықтарды нарық бағасынан үш есе қымбат сатып алғаны, ал «Самұрық-Қазына Construction» бәсекелі құрылыс нарығына килігіп отырғаны мысал ретінде келтірілді. «СҚ-Фармация» компаниясы денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік сатып алуға белсенді араласу арқылы бәсекелестікті тұншықтырып отыр. «ҚазАвтоЖол» компаниясы жол құрылысына бөлінген қаржыны үлестірумен айналысып кеткен.
Перуашев мұндай құрылымдар арқылы мемлекеттік бақылаудан тыс миллиардтаған қаржы айналымда жүргенін айтып, барлық функцияларды мемлекеттік органдар мен Парламенттің бақылауына қайтару қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидатымен толық сәйкес келеді.