Қоғам

Қазақстандықтарға 1414-тен келетін SMS-тер туралы ескерту жасалды

14:05, 10 желтоқсан 2025 26

Қазақстандықтар әлеуметтік желілердегі алаяқтық туралы үнемі шағымданады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі телефон алаяқтарының әрекеттерінен қорғауды күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Ведомство мәліметінше, бұған дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен сервистерге кіру бір реттік код арқылы ғана жүргізілді.

"Салдарынан алаяқтар айласын асырды, "жәбірленушінің" телефон нөмірін енгізіп, 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіп отырды. Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің иелеріне 1414 нөмірінен SMS жіберу тетігін қолдану үшін қолжетімділік талаптарын күшейту тапсырылды", - делінген хабарламада.

Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалады және тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе арнайы QR-код (eGov QR) арқылы ғана мүмкін болады.

"Биылғы желтоқсаннан бастап жоғарыда көрсетілген міндетті талаптарды енгізбеген ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады".

Бұл ретте азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында eGov Mobile мобильді қосымшасында күдік туғызатын әрекеттерді анықтау, кибергигиена талаптарын сақтау және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі ұсыныстары бар ақпараттық баннерлер орналастырылған.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз