Қарағанды тұрғыны Алика Мухамадиева Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасы үшін екі айға қамауға алынды деп жазады bairaqmedia.kz.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, Алика Мұхамадиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Күдікті екі айға уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Тергеу барысында 22 жастағы қарағандылық азаматша «Theads» әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық тудыратын жазба жариялағаны анықталды. Тергеу органдарына күдіктінің елден тыс жерге кетуді жоспарлап жатқаны туралы мәлімет түскен. Осыған байланысты оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш берілді, – делінген департамент хабарламасында.
Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, рулық немесе діни алауыздықты қоздыру) бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетелік атышулы Алика Мухамадиева әлемжелідегі парақшасында қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді күлкі етіп, мемлекеттік тілді «полукәлб..тский диалог» деп келемеждеген.
Сонымен қатар, «Қазақстан немен танымал?» деген сауалға «м...мбетами» деп жауап беріп, елдегі титулды ұлты көпшілік алдында көпе-көрінеу кемсіткен еді.