Қоғам

«Қазақстан мамбеттерімен танымал»: Қазақтар Қарағанды тұрғынын елден қууды талап етуде

16:00, 20 шілде 2025 227

Әлеуметтік желіде қазақ халқының ар-намысына тиетін жазба қалдырған Қарағанды тұрғыны Алика Мухамадиеваға қатысты Бас прокурорға арыз түсті, деп жазады Ertenmedia.

Бұл туралы танымал журналист Айбар Олжай хабарлап, бүтін бір ұлтты кемсіткен жазба Қылмыстық кодекстің 174-бабымен («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік араздықты қоздыру») саралануы мүмкін екенін ескертті.

Instagram парақшасында жарияланған жазбада Мухамадиева қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп келемеждеген. Сонымен қатар, «Қазақстан немен танымал?» деген сауалға «мамбетами» деп жауап беріп, елдегі титулды ұлты көпшілік алдында көпе-көрінеу кемсіткен.

Айбар Олжай бұл мәселеге өзі ғана емес, бірнеше адамның шағым түсіргенін, сол себепті істің ауқымы кеңейіп, статусы жоғарылайтынын жеткізді. 

Қазіргі уақытта Бас прокуратураның экстремизммен күрес бөлімі материалды қарастыруда, тексеру барысында заң бұзушылықтың белгілері расталса, іс Қарағанды облыстық полиция департаментіне жолданбақ.

Желідегі жұрт өз кезегінде Мұхамадиеваны Қазақстаннан депортациялауды талап етуде. 

Егер кінәсі дәлелденсе, ол 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

"Сенімді дереккөздің хабарлауынша, Алика Мухамадиева Қарағанды полиция департаментіне тергеуге шақырылды. Қазіргі минутта тергеуші алдында отыр. ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы іске қосылатын сыңайлы. "Әділетті Қазақстан" Заң мен Тәртіп қағидасын дер кезінде орнатуда және бәрімізге жазар алдында, істер алдында, сөйлер алдында ойлану керек", - деп жазды Олжаев.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз