Астанада 35 жастағы ер адам баласының дүниеге келуін атап өтемін деп әкімшілік қамауға алынды. Ол түн ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің арасында отшашу ұйымдастырып, көршілерінің тыныштығын бұзған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, оқиға елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Сәбилі болғанына қуанған ер адам көпқабатты үйлердің дәл ортасында пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан. Алайда түнгі отшашудың қатты дыбысы айналадағы тұрғындардың мазасын алған.
«Мерекелік шара барысында пиротехникалық бұйымдардан шыққан қатты дыбыстар тұрғындардың тыныштығын бұзған», – делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары 35 жастағы азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырған. Сот шешімімен ер адам бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Тәртіп сақшылары қуанышты оқиғаны атап өту өзгелердің тыныштығына кедергі келтірмеуі керектігін атап өтті.