Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыруға жүргізілген мемлекеттік аудиттен кейін бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Тексеру барысында 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Құрылтайдағы брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, аудит нәтижесінде анықталған 51 млрд теңгенің 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілген. Қалған 13,3 млрд теңге бойынша тиісті нұсқамаларды орындау 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Аудит қорытындысы бойынша төрт адам қызметінен босатылып, бірқатар жауапты тұлғаға әкімшілік шаралар қолданылған. Сондай-ақ үш материал құқық қорғау органдарына жолданған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қызметінен кеткендердің қатарында ғылыми ұйымдардың үш басшысы бар. Олар – ғылыми институттың жетекшісі, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы және Ғылым қорының жетекшісі.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығын және тағы 47 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланып, пайдаланылғанын анықтаған болатын. Аудит нәтижелері ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру және олардың орындалуын бақылау жүйесіндегі кемшіліктерді де көрсеткен.