Ақмола облысында 16 жастағы жасөспірім мотоциклден құлап, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның екі аяғынан сүйек сынғанын анықтап, үш сағатқа жуық операция жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оқиғадан кейін зардап шеккен жасөспірім алдымен Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оны тексеріп, жарақаттанған аяқтарын қозғалтпай бекітіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алайда жарақатының ауырлығына байланысты науқасты Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына ауыстыру туралы шешім қабылданған. Медициналық тексеру барысында жасөспірімнің сол жақ сан сүйегі мен оң жақ асықты жілігінің сынғаны анықталды. Екі сүйектің де сынықтары орнынан ығысқан.
Дәрігерлер үш сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі операция жасап, сынған сүйектерді арнайы металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекітті. Хирургтер сүйек сынықтарын анатомиялық дұрыс қалпына келтіріп, олардың бітуіне қажетті жағдай жасаған.
Қазіргі уақытта 16 жастағы жасөспірім ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оның денсаулығы мен оңалу барысы медицина мамандарының назарында.