Автомобиль жолдарының сапасы тек құрылыс немесе жөндеу жұмыстарына ғана емес, жобаны әзірлеу кезеңіне де тікелей байланысты. Жолға қандай жөндеу жүргізіледі, қанша қаражат жұмсалады, қандай материалдар қолданылады? Мұның бәрі техникалық құжаттамада нақты көрсетілуі тиіс. Ал осы құжаттардың дұрыстығын тексеріп, ықтимал қателерді жұмыс басталмай тұрып анықтауда ведомстволық сараптаманың маңызы зор, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Осы бағыттағы жұмыстарды цифрландыру мақсатында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» 2022 жылы ведомстволық сараптаманың электрондық порталын іске қосты. Қазіргі уақытта платформаны сүйемелдеу және дамыту жұмыстарын Орталықтың Цифрландыру басқармасы жүзеге асырады.

Бұған дейін техникалық құжаттаманы жинау, келісу және бекіту қағаз жүзінде жүргізіліп, бірнеше айға созылатын. Электрондық порталдың енгізілуі бұл процесті едәуір жеңілдетті. Енді тапсырыс берушілер қажетті мәліметтерді жүйеге енгізіп, құжаттарды онлайн жүктейді. Жүйе енгізілген ақпарат негізінде техникалық құжаттаманы автоматты түрде қалыптастырады. Одан кейін сарапшылар оны тексеріп, тиісті қорытынды береді.
Цифрландырудың нәтижесінде құжаттар саны 15-тен 5-ке дейін қысқарды. Ал оларды рәсімдеу мерзімі үш айдан 15 күнге дейін азайды. Яғни техникалық құжаттаманы қарау процесі бес есе жылдамдады. Сонымен қатар барлық құжат пен оған енгізілген өзгерістер бірыңғай жүйеде сақталады. Бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, құжат айналымын бақылауға мүмкіндік береді.

Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліповтің айтуынша, ведомстволық сараптама – жол жөндеу жұмыстарына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі. Себебі жөндеу түрі алдымен жолдың нақты жағдайына жүргізілген диагностика негізінде анықталады.
«Ең алдымен жол учаскелеріне аспаптық зерттеу жүргізіліп, диагностика жасалады. Оның нәтижесінде қай жолға қандай жөндеу қажет екені анықталады. Тапсырыс беруші осы мәліметтерге сүйене отырып, орташа жөндеу жүргізілетін нысандарды белгілеп, сметалық құжаттаманы әзірлейді. Кейін құжаттар ведомстволық сараптамадан өту үшін Жол активтері сапасының ұлттық орталығына электрондық портал арқылы жолданады. Оң қорытынды алынғаннан кейін ғана мердігер таңдалып, жөндеу жұмыстары басталады», – дейді Мәулен Әліпов.
Оның сөзінше, Орталықтың жұмысы құжаттарды тексерумен шектелмейді. Жөндеу басталғаннан кейін де Жолсапа мамандары нысандарға шығып, инспекциялық тексеріс жүргізеді. Қолданылатын құрылыс материалдарынан сынамалар алынып, зертханалық зерттеуге жіберіледі. Зерттеу нәтижелері тапсырыс берушіге ұсынылады.
Инспекциялық тексеріс кезінде анықталған кемшіліктер бойынша тиісті хаттамалар толтырылады. Егер тапсырыс беруші көрсетілген ақауларды жою жөнінде шара қабылдамаса, Орталық материалдарды Құрылыс бақылау басқармасына жолдайды. Өз кезегінде уәкілетті орган заңнамаға сәйкес мердігерге қатысты шаралар, соның ішінде айыппұл салу немесе лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру мәселесін қарай алады.
«Жөндеу жұмыстары аяқталған соң нысанды қабылдау кезінде де сапа сараптамасының қорытындысы маңызды. Тапсырыс беруші нысанды қабылдамас бұрын Орталықтан тиісті қорытынды сұратады. Оң нәтиже алынғаннан кейін ғана нысанды қабылдау мәселесі шешіледі», – дейді филиал директоры.
Осылайша ведомстволық сараптама жол жөндеу жұмыстарының барлық кезеңімен тығыз байланысты. Электрондық портал құжаттарды рәсімдеу уақытын қысқартып қана қоймай, жобадағы кемшіліктерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Ал кейінгі инспекциялық тексерістер мен зертханалық бақылау жөндеу жұмыстарының сапасын бағалауға негіз болады.
Өйткені сапалы жол – тек асфальт төсеуден емес, дұрыс жобалаудан, сапалы материал таңдаудан және жүйелі бақылаудан басталады.