Қоғам

Павлодарда анасы терезеден лақтырған 7 жастағы баланы әкесі алып кетті

06:00, 15 тамыз 2025 60

Павлодарда анасы терезеден лақтырған 7 жастағы ұл бала облыстық балалар ауруханасынан шығарылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz. Ол 30 шілдеде болған жантүршігерлік оқиғадан кейін бір аптадан астам дәрігерлердің бақылауында болды.

Сол күні анасы бесінші қабаттағы пәтерінің терезесінен екі ұлын - 7 жастағы және 1,5 жастағы баласын - лақтырып жіберген. Артынша өзі де терезеден секірген. Барлығы үйдің бірінші қабатындағы темір шатырға құлап түскен.

Ауыр жарақат алған сәбилердің кенжесі жансақтау бөлімінде екі күннен кейін көз жұмды. Ал үлкені ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізіліп, бірнеше операция жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, балаға бір жылға созылатын реабилитация қажет. Алғашқы айда ол қатаң төсек режимін сақтайды. Кейін арнайы оңалту орталығында емін жалғастырады. Жарақат салдарынан жамбас сүйектері толық жазылғанша, оның жүруі бұзылады, сондықтан баланы қайтадан жүруге үйрету керек болады. Қазір ұл баланы әкесі үйіне алып кеткен.

Анасының жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, ол полицияның тәулік бойы күзетінде. Тергеу деректеріне сай, әйел мамандандырылған медициналық есепте тұрған. Полиция қылмыстық істерді «кісі өлтіруге оқталу» және «өзін-өзі өлтіруге оқталу» баптары бойынша жүргізіп жатыр.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз