Павлодар облысында кәмелетке толмаған қызға жыныстық зорлық көрсеткен 39 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, қылмыс 2020 жылы, қыз алты жаста болған кезде жасалған. Айыпталушы балаға туыстық қатысы бар адам болғандықтан, олардың үйіне жиі барып тұрған. Сотта анықталғандай, ол бірнеше рет қызбен жатын бөлмеге оңаша қалып, оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған.
Оқиға туралы арада бірнеше жыл өткен соң белгілі болған. 2026 жылы ер адам есейіп қалған қызға күтпеген жерден телефон соғып, хабарлама жаза бастаған.
Қыз онымен кездескен жағдайда бұрынғы әрекеттері қайталануы мүмкін деп қауіптеніп, психологиялық көмек қызметіне жүгінген. Әңгіме барысында ол бала кезінде басынан өткен жағдайды айтып берген. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалған.
Ер адам ұсталған кезде жауап алу барысында кінәсін мойындағанымен, сот отырысында бұрынғы сөзінен бас тартып, өзіне жала жабылғанын айтқан. Алайда сот ұсынылған дәлелдерді жеткілікті деп танып, оны кінәлі деп тапты.
«2019 жылғы 27 желтоқсандағы редакциядағы Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп үкімді жариялады Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Нұрлан Айтбаев.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.