Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Кездесу барысында Лаура Қарабасова білім мен ғылымды дамыту, оқыту сапасын арттыру және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, жастардың қоғамдық өмірге араласуы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері де талқыланды.

Депутат отандық ғылымды мемлекеттік қолдау шараларына және жас мамандар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше тоқталды.

– Елдің технологиялық дамуы білікті ғалымдар мен сапалы ғылыми зерттеулерге тікелей байланысты. Сондықтан жас мамандарды ғылым саласында ұстап қалу, ғылыми ұжымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру маңызды. Осыған байланысты іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл ұзақ мерзімді зерттеулерді жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек гранттық конкурстарды өткізу мерзімдерін нақты бекітіп, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Ғылымды дамыту – бұл мемлекеттің, уәкілетті органдардың, университеттердің және ғылыми қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі. Біздің міндетіміз – ғалымдар үшін тұрақты жағдай жасап, отандық ғылымның әлеуетін еліміздің технологиялық және экономикалық дамуына бағыттау, – деп атап өтті Лаура Қарабасова.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Құрылтай депутаты Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен кездесіп, аудан жұртшылығымен және Алға аудандық ауруханасының ұжымымен Жолдауда айқындалған әлеуметтік басымдықтарды талқылады.

Іс-шараларға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин мен Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан да қатысты.



Құрылтайдың Баспасөз қызметі. Ақтөбе облысы әкімдігінің материалдары бойынша.