Қостанайда 86 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желіде қарияның серуен кезінде қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Қазір полиция қылмысқа қатысы бар адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде белгісіз біреудің қарияға шабуыл жасағаны және тағы бір адамның зардап шеккені туралы мәлімет тарады. Алайда Қостанай облыстық Полиция департаменті екінші адамға шабуыл жасалды деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, дәлелдемелерді жинауға, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар адамның жеке басын анықтап, оны ұстауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Екінші адамға жасалған шабуыл туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді», – деп хабарлады полиция.
Ведомство мәліметінше, күдіктіні анықтау және ұстау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Тергеуге қажетті күштер жұмылдырылған, ал істің барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауына алынған.
Полиция тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері әзірге жарияланбайды.