$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

«Бір жыл өтті, ақшамыз жоқ»: Төреғалидің концертіне қызмет еткендер шағымданды

Редактор
04.11.2026, 09:19
Колллаж Байрақ медиа
Колллаж Байрақ медиа
Төреғали Төрәлінің «Tore show» концертіне қатысқандар еңбекақысын ала алмай жүр

Төреғали Төрәлінің «Tore show» концертін ұйымдастыруға атсалысқан қызметкерлердің бірі еңбекақысын әлі күнге дейін ала алмағанын мәлімдеді. Астаналық Руслан Ташбаевтың айтуынша, концерттен кейін бір жыл өтсе де, оған және әріптесіне тиесілі қаражат толық төленбеген, деп хабарлады Bairaqmedia.

Бұл туралы КТК жариялады. Руслан Ташбаевтың сөзінше, ол жобада басынан аяғына дейін жұмыс істеген. Қазақстанның бірнеше қаласында өткен әншінің жеке концерттерін ұйымдастыруға қатысқан. Алайда атқарған еңбегі үшін уәде етілген ақшаны толық ала алмаған.

«Өкінішке қарай, «Tore show» үшін төленуі тиіс ақшамды толық алған жоқпын. Мен ғана емес, Нази есімді әріптесім де еңбекақысын ала алмады. Қазір екеуміз де істеген жұмысымыздың ақысын алу үшін күресіп жүрміз. Продюсерлік орталыққа бірнеше рет хабарластық, бірақ нақты жауап жоқ. Ақшаның қашан төленетіні де белгісіз», – дейді Руслан Ташбаев.

Оның айтуынша, бастапқыда тараптар ауызша түрде белгілі бір сомаға келіскен. Алайда кейін жіберілген келісімшартта көрсетілген қаражат бастапқы уағдаластықтан өзгеше болған. Соған қарамастан, құжатта жазылған соманың өзі әлі төленбеген.

Руслан Ташбаев мәселе шешілмесе, сотқа жүгінуге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, «Tore show» әнші Төреғали Төрәлінің 33 жасқа толуына орай ұйымдастырылған ауқымды концерттік жоба болатын. Шара аясында өнер иесі Қазақстанның түрлі өңірлерінде жеке концерттерін өткізген.

Мәселенің мән-жайын білу үшін продюсер Жан Мұқановқа хабарласқан. Алайда ол ресми сұхбат беруден бас тартқан. Сонымен қатар продюсер бұл ақпаратты «жала» деп атап, еңбекақысын талап етіп жүрген адамдарды танымайтынын айтқан.

Осылайша, концерттен кейін арада бір жыл өтсе де, тараптар арасындағы еңбекақы дауы әлі шешімін таппай отыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау