Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовқа пәтер кілті табысталды

Редактор
17.03.2026, 11:37
Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден
Ол бұл жетістік алдағы уақытта бұдан да үлкен нәтижелерге жетуге мотивация беретінін айтты.

Бүгін елорда әуежайында пара биатлоннан қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы әрі пара шаңғы жарысынан қола жүлдегері Ербол Хамитовты салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Спортшыны жанкүйерлер, туған-туыстары және спорт саласының өкілдері күтіп алды.

"Тарихымызда алғаш рет Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алып, оған қоса бір Паралимпиадада екі бірдей медаль еншіледік. Бұл нәтиже — ерен еңбек пен тыңғылықты дайындықтың, мықты рухтың көрінісі. Осы ойындарға ұлттық құрама 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпыкомандалық есепте 18-орынға тұрақтады. Спортшылардың әрқайсысы ел намысын абыроймен қорғады. Біз сіздермен мақтанамыз", — деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Шара барысында демеушілік танытқан құрылыс компаниясы Ербол Хамитовқа екі бөлмелі пәтердің кілті табыстады.

Өз кезегінде спортшы да жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, арман-мақсатқа адал болу керектігін айтты. Ол бұл жетістік алдағы уақытта бұдан да үлкен нәтижелерге жетуге мотивация беретінін айтты.

Айта кетейік, Милан–Кортина қысқы Паралимпиада ойындары Италияда 6–15 наурыз аралығында өтті. Оған 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды.