Танымал әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев өмірден өткен анасын еске алып, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өнер иесі анасының өнегелі өмір сүріп, он құрсақ көтергенін, әулетінің ұрпақтарына қамқор болғанын айтып, оның мейірімі мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.
«Өлім – хақ. Әрбір тіршілік иесі өлімнің дәмін татады. Алайда, анашым сияқты өнегелі өмір сүріп, ғибратты ғұмыр кешіп, Алла тағаланың бұйырған бес парызын бұлжытпай орындап, ата-ана, ата-ене, адал жардың разылығын алып, он құрсақ көтеріп, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың ұрпақтарының барлығын бауырына басып, емізіп, сосын бейнетінің зейнетін көрген аналардың бірі біздің анамыз», – деп жазды әнші.
Сәкен Майғазиев қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан барша қазақстандықтарға және шетелдегі бауырлас халықтарға алғысын білдірді.
Әнші анасымен көбірек уақыт өткізе алмағанына өкінетінін де жасырмады.
«Бір күн уақытым болса ауылға барып, анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, «Неге бұдан да көбірек қасында болмадым?» деген өкініш өзегіңді өртейді екен», – деді ол.
Өнер иесі анасы бар жандарға үндеу жасап, жақындарының қадірін тірі кезінде білуге шақырды. Сондай-ақ анасының өзіне бірнеше мәрте разылығын білдіргені бүгінде жанына жұбаныш екенін жеткізді.
«Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, халін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар. Аллаға шүкір, анамның «Балам, саған разымын» деген сөзін бірнеше рет естіген бақытты перзенттердің бірімін. Соның өзі жүрегіме жұбаныш, жаныма медеу. Күллі қазақтың анасына айналған ақ мамам, жаныңыз жәннаттың төрінде шалқысын», – деп жазды Сәкен Майғазиев.