Астанада қоғамдық орында жалаңаш жүрген ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
17 қазанда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылыққа қатысты істі қарады.
Сот мәліметінше, ер адам қоғамдық орында өзге адамдардың көзінше жалаңаш жүрген. Оның бұл әрекеті қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын өрескел бұзу және айналасындағыларға құрметсіздік көрсету ретінде бағаланған. Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді.
Сот оны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.