Есірткі контрабандасына күдікпен Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) Тараз қаласындағы тергеу изоляторында жаңа әндер жазып жатыр. Ал оның адвокаттары музыкантты кепілмен босатуға күш салуда, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Baza Telegram арнасына сілтеме жасап.
Рэпердің адвокаты Рена Керимованың айтуынша, қорғаушылар келесі аптада оны екі айға қамауға алу туралы сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отыр. Олар музыкантты кепілмен босатуға қол жеткізбек. Алайда кепіл сомасы әзірге белгісіз.
Адвокаттың мәліметінше, Navai өзін жақсы сезінеді және тергеу изоляторындағы жағдайға шағымданбаған. Сондай-ақ ол қамауда отырғанына қарамастан, шығармашылығын жалғастырып, жаңа әндер жазуға кіріскен. Қорғаушы қазіргі уақытта музыкантқа тек есірткі контрабандасына қатысты бап бойынша күдік келтіріліп отырғанын нақтылады.
Еске салайық, Navai 13 қазанда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында ұсталған. Ақпаратқа сәйкес, ол отырған көліктен тыйым салынған заттар табылған. Қазіргі уақытта музыкант Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Оның адвокаттары бұлтартпау шарасын өзгертуге ниетті. Айта кетейік, Navai-ге қатысты соттың түпкілікті шешімі шыққан жоқ. Ол заң бойынша кінәсі дәлелденгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.