$ 476.75
 541.59
 6.06

«Өзіңді сатпау туралы»: «Оян, қазақ» фильмінің авторлары жаңа жобаларын жария етті

Редактор
29.07.2026, 15:42
Дереккөз
Дереккөз
Фильм тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мұнай бизнесін арқау етеді

Бұл туралы продюсер Айсәуле Әбілда журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша “Оян, қазақ” жобасының шығармашылық тобы “Қара алтын” атты драмасын көрермен назарына ұсынбақ, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Жаңа қазақстандық «Қара алтын» фильмі байлыққа жетудің дайын формуласын көрсететін картина емес. Туынды авторлары көрерменге адамның ең алдымен оймен жеңілмеуі, өз мүмкіндігін өзі шектемеуі және арманына адал болып қалуы туралы ой айтқысы келген.

«Қара алтын» деген мотивациялық драма – өз арманыңнан бастау, өзіңді сатпау, әлем саған қарсы болса да, өзің сенген дүниені түбіне дейін апару туралы», – деді продюсер.

Фильм тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мұнай бизнесін арқау етеді. Оқиға өмірде болған нақты адамның тағдырына негізделген. Алайда авторлар әзірге оның аты-жөнін жариялап отырған жоқ. Айсәуле Әбілданың сөзінше, фильмді түсірудегі басты мақсаттардың бірі – ауылдан үлкен қалаға келген жастардың өз болашағына көзқарасына әсер ету.

Продюсер кейбір жастар тіл білмеуіне, әлеуметтік ортасына немесе ішкі қорқыныштарына байланысты өзін үлкен мүмкіндіктерге лайық көрмей қалатынын айтты. Соның салдарынан олар биік армандарын кейінге ысырып, өз әлеуетінен төмен мақсаттарға келісуі мүмкін.

«Мысалы, ауылдан келетін қазақ жастары тіл білмеуіне байланысты, мидағы шектеулеріне байланысты төмен жұмыстарға, төмен мақсаттарға өзін лайық көріп, өзін шектемесе, биік армандарынан бас тартпаса, соған ұмтылса деген ойды айтқымыз келді. Адам ең алдымен мимен, оймен берілмеу керек», – деді ол.


Авторлардың түсіндіруінше, «Қара алтын» кәсіпкерлікті тек ақша табу құралы ретінде көрсетпейді. Фильмде жетістікке жетудің жолы ғана емес, сол жолда адамның қандай күйге түсетіні, нені сақтап қалатыны және неден бас тартатыны маңызды. Продюсер адал еңбектің нәтижесі мен оңай жолмен пайда табуға ұмтылудың ара-жігін жас кезден ажырата білу керек деп санайды. Сондықтан фильмнің негізгі аудиториясы ретінде тек кәсіпкерлер емес, мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар мен өз кәсібін бастағысы келетін азаматтар да аталады.

Айсәуле Әбілда фильмнің сапасына қатысты да ойын ашық жеткізді. Ол өзінің максималистік көзқарасы кез келген жұмыстан кейін «бұдан да жақсырақ жасауға болар ма еді?» деген сұрақ тудыратынын айтты. Соған қарамастан, команда қолындағы барлық мүмкіндігін пайдаланып, жобаға бар күшін салған.

«Мотивациялық тұрғыдан өте жақсы фильм деп айта аламын. Бірақ максималистік табиғатым айтады: бұдан да жақсырақ қылуға болар ма еді деп. Білмеймін, бар күшімізді сарқып істегеніміз осы болды. Өзімнің көңілім толды», – деді ол.

«Қара алтын» фильмі 10 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау