Атырауда төрт баланың анасын 28 рет пышақтап өлтірді деп айыпталған ер адамның соты жалғасып жатыр. Сотталушы жасаған ісіне өкінетінін айтқанымен, қайғылы жағдайға марқұм әйелдің өзін кінәлады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға биыл шілде айында болған. Тергеу мәліметінше, 37 жастағы ер адам азаматтық некедегі жұбайы, 42 жастағы Алмагүл Шмированы пышақтап өлтірген. Ең сорақысы, қылмыс олардың үш жасар қызының көз алдында жасалған. Кейін бүлдіршін анасының мәйітімен бір тәулік бойы жалғыз қалған. 12 қарашада өткен сот отырысында айыпталушы әйелінің өзіне бірінші болып пышақпен шабуыл жасағанын айтып, әрекетін қорғану қажеттілігімен түсіндірмек болды.
«Мен ұйықтап жатқанда ол маған пышақпен келді. Не болғанын білмеймін... Біз ақша, несие және алимент мәселесіне байланысты үнемі ұрысатынбыз», – деді сотталушы.
Сот барысында судья Зарема Хамидуллина ер адамнан неліктен үш жасар қызын анасының мәйітінің қасында жалғыз қалдырғанын сұрады. Алайда айыпталушы бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Марқұмның анасы Қатима Шмирова күйеу баласының айтқандарына ашуланып, оның жауапкершіліктен жалтаруға тырысып отырғанын жеткізді.
«Енді бар кінәні марқұм қызымның мойнына артып отыр. Ол қайтыс болды, енді өзін қорғай алмайды. Мұның бәрін жауапкершіліктен құтылу үшін айтып отырғанын түсінемін. Тіпті кішкентай баласын да ойламаған», – деді анасы.
Марқұмның артында төрт баласы қалды. Оның екеуі сотталушымен ортақ балалары. Ерлі-зайыптылар алты жыл азаматтық некеде тұрған. Қаза тапқан әйелдің туыстары айыпталушыға ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда. Әзірге үкім шығарылған жоқ.