Бұқаралық ақпарат құралдарында Оқу-ағарту министрінің мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған, оның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік білім беру ұйымдарын лицензиядан айыруға дейін шара қолданылуы мүмкін екені туралы мәлімдемесі жарияланды. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
"Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды бірнеше рет ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізген. Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың мектеп формасына үйлесімді орамал тағуына мүмкіндік берілуі керек деп есептейді", - деп жазылған мәлімдемеде.
Сондай-ақ діни басқарма, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс деп санайды.
"Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды. Зайырлылық – дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады. Қазақстан заңнамасында да заңды діни қызметке кедергі келтіруге және адамның дінге көзқарасына байланысты азаматтық құқықтарының бұзылуына жол берілмейтіні көрсетілген", - деп жазылған мәтінде.
Орамал мәселесі жылдар бойы қоғамда талқыланып келеді.
"Оны тек тыйым салу және әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті тереңдете түсуі мүмкін. Сондықтан ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетікті қарастыруды ұсынады. Біз үшін балаларымыздың әрі білімді, әрі тәрбиелі, әрі өз сеніміне құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері, ата-аналар мен сарапшылардың қатысуымен сындарлы диалог арқылы шешуге дайын екенін білдіреді", - делінген ҚМДБ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.