Қоғам

Назарбаев әуежайындағы бассыздық: Шетелдік инвестор сот шешімін пысқырар емес

13:38, 07 сәуір 2025 84

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайынан екі сауда орнын жалға алып келген отандық компания 1 жыл бұрын қуылған. Кәсіпкерді ығыстырған шетелдік инвестор 6 айдан бері сот шешімін орындамай келеді екен. Компания өкілдері бүгін Алматыда тілшілерге мән-жайды баяндап, баспасөз отырысын өткізді деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Кәсіпкер Айнұр Рахимова әуежайдан 5 жыл бұрын 8 шаршы метрді жалға алып, ақша айырбастау пунктін ашқан. Араға 2 жыл салып стратегиялық нысаннан тағы бір айырбас орнын ашады. Алайда, қазір соның екеуінен де айырылып қалып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, шетелдік инвестор орынды бұларға бәсекелес компанияға беріпті.

Бір-ақ күнде еш себепсіз қуып шықты. 10 адам жұмыссыз қалды. Қарамағымда жалғызбасты аналар жұмыс істейтін. Айына 9 миллион табыс табатынбыз. Енді осы жаңа инвестордың кесірінен 150 миллион теңге шығынға баттық. Қазір отырған компания тура біз төллеген сомманы беріп отыр. Олардың басқа қандай артықшылығы барын білмеймін, – деді кәсіпкер Айнұр Рахимова.

Айырбас пункттері иесінің қорғаушысы Алмагүл Мусинаның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын басқаратын Юсуф Альжафер Жоғарғы соттың заңды күшіне енген шешімін елемей отыр. Яғни, Жоғарғы сотта әуежай әкімшілігінің компанияны жалға алу орнынан қууы заңсыз деп танылған. Сондай-ақ, әуежай әкімшілігін Айнұр Рахимованың компаниясына жалға беру келісімшарты бойынша барлық құқықтарын қайтаруға міндеттеген. Шешім былтыр қараша айында шыққан. Бірақ, әлі орындалмай келеді.

Қазір сол орында отырған компанияға «міне, сот шешімі шықты» деп көрсетсек те, орынды босатар емес. Әуежай да жалға алушы компанияны шығара алмаймыз деп, олардан әлі төлем қабылдап отыр. Мұның бәрі заңға қайшы десек те, тыңдайтын емес. Шешім іс жүзінде орындалмағандықтан, қайтадан сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Енді олардың орынды босатуын сұрап, экономикалық сотқа жүгіндік» - деді әуежайдан қуылған компанияның адвокаты.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз