$ 476.07
 541.86
 6.08

Науқан өңірлерге бет бұрды: партиялар жергілікті жерлердегі жұмысты бастады

Редактор
25.07.2026, 13:01
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Өңірлердегі жұмыстар жандана бастады.

Науқанның екінші күнінде партиялар салтанатты рәсімдерден өңірлердегі практикалық жұмысқа ден қойды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Егер алғашқы күні негізгі оқиға сайлауалды штабтардың ашылуы болса, енді кандидаттар сайлаушылармен алғашқы кездесулерін өткізіп, облыстарға сапарларын бастап, кәсіпорындар мен салалық алаңдарды аралауға кірісті.

Сонымен қатар әрбір саяси партия түрлі аудиторияларға бағытталып, халықпен қарым-қатынастың өзіндік форматын таңдады.

«Әділет» партиясы үгіт-насихат науқанының өңірлік кезеңін Түркістан облысынан бастады. Күні бойы кандидаттар зиялы қауым өкілдерімен, педагогтермен, медицина қызметкерлерімен, қолөнершілермен, спортшылармен, кәсіпкерлермен және өңір тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Кездесулер барысында инфрақұрылымды дамыту, туризм, шағын бизнес, ауылдық аумақтарды өркендету және әлеуметтік сала мәселелері талқыланды. Сонымен қатар сайлауалды науқан аясында «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуендері жұмысын бастады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Астанада журналистердің, саясаттанушылардың және блогерлердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шара барысында сайлауалды науқан, партиялық бәсеке және кадр саясаты мәселелері талқыланды.

«Байтақ» жасылдар партиясы науқанын Астанада экологиялық марафон өткізу арқылы. жалғастырды. Іс-шара Триатлон паркінде өтіп, оған 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері, еріктілер мен экобелсенділер болды. Қатысушылар 2,5 шақырым қашықтықты еңсергеннен кейін іс-шараға қатысушылармен кездесу өткізді.

Қазақстанның Халық партиясы (ҚХП) сайлауалды науқанын Павлодар облысында жалғастырды. Онда кандидаттар өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулер барысында еңбек жағдайлары, әлеуметтік сала және өндірістік қауіпсіздікке қатысты мәселелер талқыланды.

Науқанның екінші күні «Ауыл» партиясының басшылығы AUYL JASTARY жастар қанатының үгіт-насихат іс-шараларын өткізу бойыншадайындығымен танысты. Бұл іс-шаралар сайлауалды кезеңде еліміздің барлық өңірінде өткізіледі деп жоспарланған. Сонымен қатар Құрылтай депутаттығына кандидаттар Астанадағы «СтальЦинк» кәсіпорнына барып, өндіріс жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында өндірісті дамыту, кәсіпкерлік, өңірлік экономика және еңбек адамын қолдау мәселелері талқыланды. Күн соңында Құрылтай депутаттығына кандидат Жигули Дайрабаевтың қатысуымен партияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тікелей эфир өтті.

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері партия төрағасы Дания Еспаеваның жетекшілігімен сайлаушылармен кездесулерін жалғастырды. Кездесулер барысында экономикалық саясат, кәсіпкерлікті қолдау және қатысушыларды қызықтырған өзге де мәселелер талқыланды. Сондай-ақ сайлауалды науқанын өткізуге қатысты бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

Respublica партиясының өкілдері өңірлік сапарларын Қарағанды облысынан бастады. Делегация бірнеше ауыл шаруашылығы кәсіпорнына барып, шаруашылық басшыларымен және аграрлық сектор қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту және саладағы қолданыстағы реттеу мәселелері талқыланды.

Жалпы, сайлауалды науқанның екінші күні ресми басталу кезеңінен сайлаушылармен практикалық жұмыс кезеңіне көшкенін көрсетті. Саяси партиялар өңірлік күн тәртібіне, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен және қоғам өкілдерімен кездесулер өткізуге, сондай-ақ тақырыптық қоғамдық іс-шаралар мен ашық пікірталастар ұйымдастыруға басымдық берді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау