Продюсер Гүлзира Айдарбекова алдағы отаға дайындық барысында басынан өткен ішкі толғанысын ашық айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ол соңғы күндері мазасыз ойлар мен уайымға беріліп, өмірге деген көзқарасының өзгергенін жеткізді.
Айтуынша, үлкен тастарды алдыруға байланысты жоспарланған ота алдында ол түрлі ойға берілген.
«Пенде болған соң уайымсыз болмайды ғой. Ертең ота жасалады. Соған дейін өзіме қарап, түрлі ойға қалып жүрмін. Кеше балаларыммен қыдыруға шығарда да “неге сонша сәнденіп киініп жатырмын, наркоздан оянбай қалсам қайтем” деген ойлар келді. Әр нәрсеге қимастықпен қарап, көңілім босап жүрді», — дейді ол.
Сондай-ақ продюсер күтпеген жерден түстер мен оқиғалар арқылы ерекше белгі алғандай әсерде болғанын да жасырмады.
«Түн ортасында бір танысым есіме түсті. Кейін оның сторисінен мен ойлаған дүниелерге ұқсас жазба көріп, таңғалдым. Оған жазғанымда жауап келмеген еді, кейін өзі қайта жазып, нөмірін қалдырды. Бір ауыз жылы сөздің өзі адамға күш береді екен», — деп бөлісті ол.
Гүлзира Айдарбекова өзіне қолдау білдіріп жатқан оқырмандарына да алғыс айтып, дұға тілеулерін сұрады.