$ 475.38
 547.73
 5.93

«Музыка – харам»: Мүфтият тойда уағыз айтқан адамға қатысты мәлімдеме жасады

Редактор
04.08.2026, 14:45
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
ҚМДБ қазақстандықтарды діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті мамандардың түсіндірмесіне сүйенуге шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желіде кеңінен тараған тойдағы «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген пікірге қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Басқарма бұл сөздердің қоғамда түсінбеушілік туғызғанын атап өтіп, Ислам діні адамдарды даналықпен насихат айтуға, ауыр сөзбен айыптамауға және өзгенің ар-намысына құрметпен қарауға үндейтінін еске салды.

"«Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызуда.

Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз", - делінген хабарламада.

Басқарманың түсіндіруінше, адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған әрекеттерге шақыратын әндерді Ислам құптамайды. Ал дін мен дәстүрдің құндылықтарын насихаттайтын, Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін әндерге рұқсат берілетіні жөнінде Ислам ғалымдарының пікірі бар.

"Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз.

Алла Тағала халқымыздың ауызбіршілігін арттырып, рухани тұтастығын бекем еткей", - делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жазбасында.

Айта кетейік, Жетісайдағы тойлардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтқан адамның сөзі желіде қызу талқыға түскен еді.

 

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау