Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында бастауыш сыныптарда қолданылатын бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) жүйесін қайта қарау мәселесін көтерді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, ТЖБ нәтижесі тоқсандық қорытынды бағаның 50 пайызын құрайды. Министрдің айтуынша, оқушы тоқсан бойы жақсы нәтиже көрсеткенімен, ТЖБ-дан төмен балл алса, бұл оның жалпы үлгеріміне елеулі әсер етеді. Сондықтан мұндай бағалау тәсілінің әділдігіне қатысты қоғамдық пікірді білуді жөн көретінін жеткізді.
Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың күнделікті еңбегі мен сабақтағы белсенділігі негізгі бағалау өлшемі болуы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, БЖБ немесе ТЖБ-дан алынған бір ғана төмен нәтиже баланың тоқсандық бағасына шешуші ықпал етпеуі тиіс.
«Біздің ойымызша, бұл әділетті емес. Оқушы БЖБ немесе ТЖБ-дан төмен баға алғаны үшін әділетсіздікке ұшырамауы керек. Сондықтан бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастап, оның орнына жалпы бағалау жүйесін енгізу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Осы мәселеге қатысты сіздердің пікірлеріңізді білгіміз келеді», – деді министр.