Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Болашаққа ұмтылған Алматы» атты авторлық мақаласында мегаполистің алдағы даму жоспарын таныстырды. Қала басшысы көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, экологияны жақсарту және туризмді дамыту бағытындағы негізгі жобаларға тоқталды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Әкімнің айтуынша, Алматы экономикасының көлемі 72 миллиард долларға жуықтайды. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы қалаға тиесілі. Дегенмен мегаполистің қарқынды өсуі көлік кептелісі, инженерлік желілердің тозуы, ауа сапасының нашарлауы және әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі сияқты мәселелерді алға шығарып отыр.
Дархан Сатыбалдының мақаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылған. Жоспар бойынша, метро желісі батыс бағытта «Барлық» көлік торабына дейін 5,3 шақырымға ұзартылып, үш жаңа станция салынады. Ал шығыс бағытта «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейін ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын сегіз станция қарастырылған. Сонымен қатар, ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы ЛРТ желісі Индустриялық аймақ пен Алматы-2 вокзалын байланыстырады. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі Sky Train желісін іске қосу жоспарланған.
Қала әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де тоқталған. Оның мәліметінше, биыл Алматыда сегіз жаңа мектеп іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы екі мектеп ашу көзделген. Ал 2030 жылға дейін қосымша 69 мектеп салу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласында 32 жаңа медициналық нысан салынып, қолданыстағы 14 мекеме жаңғыртылмақ. Сондай-ақ «Шығыс қақпасы» аумағында 45 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы бой көтереді.
Дархан Сатыбалды Алматының туристік әлеуетін арттыру үшін тау кластерін дамыту жоспарланып отырғанын жазды. 2025 жылы қалаға шамамен 2,5 миллион турист келген. Оның 750 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. Алдағы жоспар бойынша, 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 миллионға, ал 2050 жылға қарай 4 миллионға жеткізу көзделген.Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка және басқа да туристік нысандарды біріктіретін тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін демалыс аймағына айналуы тиіс.
Әкім қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі ауа сапасы екенін атап өткен. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жылу көздерінен бөлінетін зиянды шығарындыларды 90 пайыздан астам қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен бірге Алматыда LEZ жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Бұл жүйе экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктердің санын азайтуға бағытталған. Қала басшысы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға да назар аударған. Болашақта Алматының цифрлық егізін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл технология қаланың дамуын алдын ала модельдеуге мүмкіндік береді.
Дархан Сатыбалды Алматыны дамытудың басты мақсаты қаланың аумағын ұлғайту ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті. Оның пайымынша, мегаполистің болашағы экономикалық өсіммен қатар, қауіпсіздікке, экологияға, білім мен медицинаға қолжетімділікке және тұрғындардың күнделікті уақытын үнемдеуге байланысты.