Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Президент әлемдегі тұрақсыздық жағдайында ғалымдар мен университеттердің белсенді ұстаным білдіруі қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz
Форумға әлемге әйгілі ғалымдар, халықаралық ғылым жүйесінің өкілдері, білім саласының мамандары мен сарапшылар қатысып жатыр. Президенттің айтуынша, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ғылыми қауымдастықтың халықаралық мәселелерге қатысты пікірі ерекше маңызды.
«Қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы форумда ғылымды дамыту және халықаралық ғылыми ықпалдастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, жиында айтылған құнды пікірлер мен тиімді ұсыныстар Қазақстанның және шетелдердің жоғары білім беру саласының әлеуетін арттыруға ықпал етеді.