$ 473.59
 544.68
 5.94

«Әлем чемпионатына ешқашан шыға алмаймыз»: Спорт журналисі мәселе көтерді

Редактор
03.08.2026, 13:00
Фото: Facebook/Аслан Қаженов
Фото: Facebook/Аслан Қаженов
Футболдағы маңызды шешімдер уақытында қабылдануы қажет

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. Бұл жағдайға спорт журналисі Аслан Қаженов алаңдаушылық білдіріп, отандық футболдағы жүйелі мәселелерге назар аударды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Журналистің айтуынша, футболдағы маңызды шешімдерді уақытында қабылдау қажет. Алда УЕФА Ұлттар Лигасы басталатынын ескерсек, ұлттық құрамаға жаңа бапкерді тағайындау мәселесін кейінге қалдыруға болмайды.

«Бір отандық маманды басымызға сыйдырмадық. Тиісті жағдай жасалмады, бірақ жоғары нәтиже күттік. Ақыры бапкерден айырылдық. Енді жаңасын іздеп жатырмыз. Оны қашан тағайындаймыз?» – дейді Аслан Қаженов.

Оның пікірінше, бас бапкерді соңғы сәтте шақыру командаға кері әсер етуі мүмкін. Себебі жаңа маманға ойыншылармен танысуға, ішкі чемпионатты бақылауға және команданы жүйелі түрде дайындауға уақыт қажет.

«Кейін “жуырда ғана келдім”, “зерттеп үлгермедім”, “құрама асығыс жасақталды” деген сылтаулар айтылуы мүмкін. Сондықтан мұндай маңызды шешімдер алдын ала қабылдануы керек», – деп атап өтті спорт журналисі.

Аслан Қаженов сонымен бірге Қазақстан чемпионатының қызған шағында ұлттық құрамаға қажет ойыншыларды бақылау, болашақ құрамды қалыптастыру жұмыстары жүргізілуі тиіс екенін айтты.

«Ішкі біріншілікті бақылап, қажетті ойыншыларды іздейтін уақыт қазір. Бірақ бұл бағытта жеткілікті жұмыс жасалып жатқан жоқ. Осындай жағдай жалғаса берсе, Қазақстанның Еуропа және әлем чемпионаттарына шығу мақсаты қиындай береді», – деді ол.

Спорт маманының сөзінше, ұлттық футболдың дамуы үшін ұзақ мерзімді жоспар, кәсіби басқару және нақты жауапкершілік қажет.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау