Бүгінде ұлттық қауіпсіздік ұғымы өзгерді. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті әскери әлеуетпен ғана емес, цифрлық кеңістікті қорғау мүмкіндігімен де бағаланады. Мемлекеттік басқару, қаржы, энергетика, денсаулық сақтау мен көлік жүйелері цифрлық технологияларға тәуелді болған сайын киберқауіпсіздік стратегиялық маңызға ие, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуді, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, киберқылмысқа қарсы күресті күшейтуді және ұлттық киберқауіпсіздік индустриясын дамытуды тапсырды. Президент атап өткендей, цифрлық мемлекеттің орнықты дамуы ең алдымен оның ақпараттық қауіпсіздігіне байланысты.
Әлемдік үрдіс бұл мәселенің өзектілігін айқын көрсетеді. INTERPOL мәліметінше, 2024 жылы әлемде тәулігіне шамамен 350 мың кибершабуыл тіркелген. Cybersecurity Ventures бағалауынша, киберқылмыстың жаһандық экономикаға келтіретін шығыны 2025 жылы 10,5 триллион АҚШ долларына жетеді. Бүгінде шабуылдар жеке азаматтарға ғана емес, мемлекеттік органдарға, банк жүйесіне, энергетика мен денсаулық сақтау саласына бағытталуда.
Қазақстанда да қауіп күшейіп келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегіне сәйкес, 2023 жылы елімізде 180 миллионнан астам хакерлік шабуыл әрекеті тіркелген. Мемлекеттік техникалық қызметтің мониторингі фишинг, зиянды бағдарламалар және DDoS-шабуылдардың көбейгенін көрсетеді.
Интернет-алаяқтық та өзекті мәселеге айналды. ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары А.Ускембаевтың мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе заңгер ретінде таныстырып жасалған 5503 қылмыс тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 3734 болған.
Оның айтуынша, алдын алу жұмыстары күшейтілген. Жыл басынан бері 70 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, 1,5 миллионнан астам жадынама таратылды, Tele2 және Altel операторларының 7,8 миллион абонентіне ескерту SMS-хабарламалары жолданды. Сондай-ақ интернетте 19 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланып, Group-IB, Kaspersky Lab, Doctor Web және өзге де серіктестермен, сондай-ақ 109 мемлекеттің құзырлы органдарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Искандер Тәжібековтің сөзінше, елімізде 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта халықтың киберқауіпсіздік туралы хабардарлық деңгейі 80,4 пайызды құрайды, ал 2029 жылға қарай оны 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Комитет дерегінше, Қазақстанда 635 аса маңызды ақпараттық инфрақұрылым нысаны, 61 ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығы және 10 сынақ зертханасы жұмыс істейді. Сонымен бірге Bugbounty.kz платформасы іске қосылып, мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының ақпараттық жүйелеріндегі осалдықтарды тәуелсіз мамандардың көмегімен анықтау тетігі енгізілген. Ақпараттық қауіпсіздік саласына маман даярлау да күшейтіліп, бүгінде 12 жоғары оқу орны кадр әзірлейді, ал 2025-2026 оқу жылында осы бағытқа бөлінген мемлекеттік грант саны 3663-ке дейін ұлғайтылған.
Киберқауіпсіздік бүгінде тек техникалық мәселе емес. Ол – ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық тұрақтылықтың және цифрлық егемендіктің маңызды кепілі. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерді тиімді іске асыру, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту және қоғамның цифрлық мәдениетін арттыру Қазақстанның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді.