Шымкентте демалыс күндері тұрғындар мен қала қонақтарына арналған «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасы өтті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың қоғамдық құқықтық мәдениетін арттыру, заңды құрметтеу және қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау құндылықтарын насихаттау.
Кешкі концерттік бағдарламалар қаладағы Арбат алаңында, «Шымсити» саябағында және «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің аумағындағы «Этноауылда» ұйымдастырылды.
Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, одан әрі «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары орындаған рухты және отансүйгіштік әндермен жалғасты.
Кеш барысында Қуаныш Абжапбар, Фариза Беймаханбет, Байкен Құрманалиев, Саят Сұлтанбек және «Өркен» тобы өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Шымқала кештері» – тұрғындарға мазмұнды демалыс сыйлап қана қоймай, қаладағы мәдени және қоғамдық өмірдің белсенділігін арттыруға бағытталған тұрақты жобалардың бірі.
Ән мен өнер арқылы тұрғындарды біріктірген кеш қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып, Шымкенттің мәдени өміріндегі дәстүрлі әрі көпшілік асыға күтетін шаралардың біріне айналып келеді.