$ 457.09
€ 508.42
₽ 5.67

Құрылтай делегациясы Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумына қатысты

Редактор
29.10.2026, 15:35
Құрылтайдың баспасөз қызметі
Құрылтайдың баспасөз қызметі
Форумның негізгі тақырыптарының бірі су және климат қауіпсіздігі болды

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған делегация Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумына қатысты, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

«Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» тақырыбына арналған жиында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттерінің өкілдері бас қосты.

Спикер жиын қатысушыларына арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы баяндады. Ол жаңа Конституцияның қабылданғанына назар аударып, «Заң және Тәртіп» қағидатына, бірлік пен келісімге негізделген Әділетті, Прогрессивті және Қуатты Қазақстанды құрудың негізгі бағыттарын таныстырды. Соңғы жеті жылда Мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде ел экономикасы 30 пайызға өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асты.

Сондай-ақ Президенттің кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңыздылығын тілге тиек етті. Аталған құжатта еліміздің түрлі салаларында ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу міндеті қойылған. Бұл бастамалар елді жаңғыртып, қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, жаңа жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен ауруханалар салу, ауыл шаруашылығы, көлік және су пайдалану салаларын цифрландыру, энергетика секторын түбегейлі жаңғырту көзделген.

Құрылтай Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысының бұл бастамалары Қазақстанның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, бүкіл Орталық Азия өңірінде экономикалық өсімге және ынтымақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Кездесуде Айбек Дәдебай бұл форум өңірлік парламенттік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты. Оның пайымдауынша, халықаралық жиын аймақтық тұрақтылықты нығайтуға, Орталық Азияны орнықты бейбітшілік пен ортақ даму кеңістігіне айналдыруға бағытталған.

– Бүгінде біз өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік, экономикалық интеграцияны тереңдету мәселелерін талқылап отырмыз. Айтылғандардың барлығы Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Қазіргі сын-қатерлерге тек парламенттеріміздің күш-жігерін біріктіріп, заң шығару жұмысын үйлестіріп, ортақ ұстанымдар қалыптастыру арқылы жауап беруіміз керек деп есептеймін. Парламенттік дипломатия нақты нәтижеге бағытталуға тиіс, – деді ҚұрылтайТөрағасы.

         Сонымен қатар ол мемлекет басшыларының бастамасымен XXI ғасырда Орталық Азияны дамытуға бағытталған достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау процесі басталғанын айтты. Бұдан бөлек, Парламентаралық форум, Орталық Азия мен Әзербайжан елдері әйел көшбасшыларының диалогы, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастық диалогы сияқты алаңдар сәтті жұмыс істеп жатқанын баяндады.

Талқылау барысында Қазақстан делегациясы өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұрақты дамуды қолдауға бағытталған парламенттердің практикалық рөлін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.

Бұдан бөлек, көші-қонды бақылау мәселесі сөз болып, Қазақстанның осы бағыттағы заңнаманы үнемі жетілдіріп келе жатқаны және өз тәжірибесін өңірдегі басқа елдермен бөлісуге дайын екені айтылды. Экономикалық және цифрлық интеграция аясында электрондық сауда, кеден жұмысын электронды түрде басқару, инвестиция, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларында заңнамалық тәжірибе алмасу ұсынылды. Бұл бағыттағы құқықтық кедергілерді жою іскерлік ортаны дамытуға жол ашады. Құрылтай Төрағасының пікірінше, мұндай бірлескен қадамдар Қазақстан Президентінің өңірішілік сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға қажетті жағдай қалыптастырады.

Форумның негізгі тақырыптарының бірі су және климат қауіпсіздігі болды. Құрылтай депутаттары әріптестерінің назарын Су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны қабылдау жұмыстарын жеделдету қажеттігіне аударды. Сондай-ақ Арал мәселесін шешу бағытындағы бірлескен жұмысты күшейту мәселесі көтерілді. Осыған байланысты Қазақстан делегациясы су және климат мәселелері бойынша сарапшылар мен Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдерін ұйыстыра отырып, тұрақты парламентаралық диалог орнатуды ұсынды. Экологиялық тақырыпты жалғастырған Айбек Дәдебай өңірлік міндеттерді шешуге қоғамның қатысуын қамтамасыз ететін тиімді құрал ретінде волонтерлік қозғалысты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол волонтерлік бастамаларды парламент деңгейінде қолдауды және жыл сайын Орталық Азияның экологиялық жауапкершілік апталығын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Құрылтай Төрағасы білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және өңір елдері арасындағы жаңа технологиялар бағытындағы байланыстарды нығайту перспективаларына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан ұсынған Жасанды интеллект саласындағы Орталық Азия әріптестігі бағдарламасын әзірлеу бастамасын заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесі сөз болды. Құрылтай Төрағасы Индустрия 4.0 саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін өнеркәсіптік деректерді жинау бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Бұл ретте Қазақстанда әзірленіп жатқан Kazakhstan Physical AI Data Factory тұжырымдамасын негізге алу ұсынылды.

Орталық Азия елдерінің күш біріктіруі Physical AI технологияларына арналған өңірлік деректер хабын қалыптастыруға және жаңа технологиялық шешімдерді дамытуға мүмкіндік береді. Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша форумға қатысушылар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі ортақ ұстанымдарды бекіткен Душанбе декларациясын қабылдады.

Сапар аясында Айбек Дәдебай Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси миллиінің Төрағасы Рустами Эмомалимен және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздерде заң шығару тәжірибесімен алмасу жолдары талқыланды. Форум барысында Құрылтай депутаттары өңірлік қауіпсіздік, парламенттік дипломатия, экономикалық интеграция және экология мәселелері қаралатын панельдік сессияларға да белсене қатысты. Шара соңында делегация басшылары Тәжікстанның ұлттық батыры Исмоил Сомонидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау