Танымал актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтар соңғы бір жарым жылдан бері киноға түспейтінін айтты. Ол отандық киноиндустриядағы кейбір үрдістерге көңілі толмайтынын айтып, фильмдердің басым бөлігі көрермен үшін емес, пайда табу мақсатында түсірілетінін сынға алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Актердің айтуынша, бүгінде кино түсірушілердің көбі шығарманың мазмұны мен көркемдік сапасынан гөрі кассалық табысқа басымдық береді. Осы жағдай оның кино саласынан уақытша шеттеуіне себеп болған.
«Киноға түсуді қойып кеткеніме осы жылы бір жарым жыл болды, достар. Киноға түсу деген жоқ менде. Неге? Өйткені жалғаны жоқ. Ашығын айтатын болсам, киноның 90 пайызы ақша, касса жинау үшін ғана түсіріліп жатыр. Ақша табу болды. Ешқандай мән-мағына, бір күшті, адам сүйсініп көретін кино түсірейікші деген жоқтың қасы», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Ол сондай-ақ актерлердің фильм түсіріліп біткеннен кейін де жарнамалық жұмыстарға тартылатынын сөз етті. Оның пікірінше, кейбір киножобалар аз уақыт ішінде түсіріліп, кейін актерлердің танымалдығы арқылы көрермен жинауға тырысады.
«Оны 15 күн, 20 күн түсіреді. 20 күннің үш күні демалыс, 17 күнге мен екі-үш жыл салатын жарнаманы, екі-үш жыл салатын ақшамды төлейді де, 17 күн пайдаланады сені. Одан кейін кино шығатын кезде: "Реклама салып бер", – дейді. Реклама салдырады, қала аралатады, халыққа жалындырады. Кейін: "Пожалуйста, кино көрейікші, киноны түсірген едік", – деп жалынады. Сөйтіп жалынатын киноны түсірмей-ақ қойдым, бауырым», – деді актер.
Осылайша, Еркебұлан Тоқтар киноға түспеу туралы шешімін отандық фильмдердің мазмұнына және оларды жарнамалау тәсіліне қатысты көзқарасымен байланыстырды.