$ 457.09
€ 508.42
₽ 5.67

«Артында екі баласы қалды»: Бұрынғы сүйіктісін өлімші етіп сабаған ер адам 10 жылға сотталды

Редактор
29.10.2026, 14:48
әлеуметтік желіден
әлеуметтік желіден
Сот-медициналық сараптама Әсемнің бауыры жарылып, ішкі қан кету мен геморрагиялық шок салдарынан қайтыс болғанын көрсетті

Ақмола облысының Щучье қаласында екі баланың анасы Әсем Қонысбайқызының өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі жарияланды. Бурабай аудандық соты марқұмның бұрынғы жігіті Алмаз Мадиевті 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бурабай аудандық сотының таратқан мәліметіне сәйкес, ер адам Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу бойынша кінәлі деп танылған.

Қызғаныштан басталған жанжал қайғылы оқиғамен аяқталған

Сот анықтағандай, Әсем мен Алмаз 2024 жылдан бері бірге жұмыс істеп, жақын қарым-қатынаста болған. Алайда қызғаныш салдарынан екеуінің арасында жиі түсініспеушілік туындап, бірнеше рет айырылысып, қайта қосылған. 2026 жылдың маусымында екеуі қарым-қатынастарын анықтау үшін ер адамның пәтерінде кездескен. Сол жерде қызғаныштан жанжал шығып, Алмаз әйелдің беті мен денесіне бірнеше рет жұдырықпен соққы жасаған. Әсемнің жағдайы нашарлап, есінен танып қала бастаған кезде ер адам жедел жәрдем шақырған. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмған.

Сараптама әйелдің неден қайтыс болғанын анықтады

Сот-медициналық сараптама Әсемнің бауыры жарылып, ішкі қан кету мен геморрагиялық шок салдарынан қайтыс болғанын көрсетті. Сондай-ақ марқұмның кеуде және іш қуысы жарақаттанып, қабырғасы сынған. Денесінен көптеген соққы іздері анықталған. Сот мәліметінше, айыпталушының кінәсі куәлардың жауаптарымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, оқиға орнын тексеру хаттамасымен және өзге де дәлелдемелермен расталған.

10 жыл түрме және 14 миллион теңге өтемақы

Сот Алмаз Мадиевке 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, сотталған азаматтан жәбірленуші тараптың пайдасына 12 миллион теңге моральдық өтемақы және материалдық шығын мен заңгерлік қызметке жұмсалған 2 миллион теңге өндірілетін болды. Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Бұған дейін марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде Алмаздың айырылысуды қабылдай алмай, Әсемнің қыр соңынан қалмағанын мәлімдеген еді. Туысының айтуынша, ер адам әйелді кездесуге көндіріп, кейін оған күш көрсеткен. Қайғылы оқиғадан кейін Әсемнің артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау