$ 457.09
€ 508.42
₽ 5.67

Оралда 76 отбасы құлағалы тұрған үйлерде тұрып жатыр

Редактор
29.10.2026, 10:04
Видеодан скрин
Видеодан скрин
Әзірге ескі үйлердің қашан сүрілетіні белгісіз 

Оралда алты ескі үйдегі 76 отбасы апатты баспаналардан көшірілуін күтіп отыр. Қабырғалары жарылып, ғимараттары қисайған үйлерде тұру қауіпті болғандықтан, кейбір тұрғындар жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр. Олар мәселені бес жылдан бері көтеріп келеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.

Тұрғындардың айтуынша, Гагарин көшесіндегі және оған жақын орналасқан үйлердің тозығы жеткен. Қабырғалардағы жарықтар ұлғайып, су, электр және кәріз жүйелерінде де ақаулар жиі кездеседі.

«Өз өміріміз үшін қорқамыз. Жыл сайын жағдай нашарлап барады. 2021 жылдан бері ресми түрде өтініш жазып келеміз. Бірақ жауаптың бәрі бір сарынды: құрғақ уәде мен құр қағаз», — дейді тұрғын Жанна Быкова.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін инвесторлармен жасалған келісімдер бірнеше рет жүзеге аспаған. Бұған аумақта үш қабаттан биік ғимарат салуға қойылған шектеулер мен инженерлік желілерді тарту шығындары себеп болған. Қазір бас жоспарға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Құжат бекітілсе, аумақта 9–12 қабатты тұрғын үйлер салуға рұқсат беріліп, инвестор тартуға мүмкіндік туады.

«Бас жоспарға түзетулер енгізу мәселесі министрлікте қаралып жатыр. Ол келісіліп, бекітілгеннен кейін бұл аумақта 9-дан 12 қабатқа дейінгі көппәтерлі тұрғын үйлер салуға рұқсат беріледі», — деді Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үйді реновациялау секторының меңгерушісі Атабек Жәнібеков.

Әзірге ескі үйлердің қашан сүрілетіні белгісіз. Ал 76 отбасы баспаналары опырылып түспей тұрып, қауіпсіз жерге көшірілуін күтіп отыр.